Президент Үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырды
Соңғы мәліметке қарағанда, бүгін түнде Анадолы елінде тағы 4 балдық жер сілкінісі болды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен Түркия Республикасына шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Сонымен қатар Қазақстанның өкілетті органдары түрік тарапымен бірлесіп, зілзаланың зардабын жою үшін қосымша көмек көрсету мәселесін қарастырып жатыр, – делінген хабарламада.
Кеше Түркияға жеткен қазақстандық құтқарушылар Ибрахимили ауданындағы үйінді орнынан видео жариялады.
Анадолу агенттігінің хабарлауынша, соңғы мәлімет бойынша Түркиядағы екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5834-ке жетті, 34 810 адам жарақат алған. Ал бүгін түнде Анадолы елінде тағы 4 балдық жер сілкінісі болған.