Қаза тапқандардың көпшілігі Кахраманмараш провинциясында тіркелді
6 ақпанға қараған түні Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісі 500-ден аса адамның өмірін жалмады. Қаза тапқандар арасында 230-дан аса сириялық пен кем дегенде 280 түрік азаматы бар, деп хабарлады РИА Новости.
Басылым Сирияның Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сілтеме жасай отырып, Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларында 237 адам қаза тауып, 639 адам зардап шеккенін хабарлады. Ал ведомство бұған дейін 111 адам қаза тауып, 516 адам зардап шеккенін мәлімдеген болатын.
Түркияда вице-президент Фуат Октайдың хабарлауынша, 284 адам қаза тауып, тағы 2 383 адам жарақат алған.
Қаза тапқандардың көпшілігі Кахраманмараш провинциясында тіркелді. Яғни онда 300-ге жуық ғимарат қирап, 70 адам көз жұмған.
Жараланғандардың көпшілігі – Шанлыурфа провинциясының тұрғындары. Онда 600-ге жуық адам жарақат алған.
Еске сала кетсек, Түркияның Газиантеп қаласының маңында 7,4 балдық күшті жер сілкінісі болып, ол көршілес аймақтарға да әсер еткен еді. Нақты айтқанда, табиға апат ошағы Газиантептен 27 шақырым жерде, 10 шақырым тереңдікте болған.
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға жер сілкінісіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап, еліміздің түрік ағайындарға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.