Жеңілдетілген автонесие: төлем есепшотын алғандар да платформаға тіркелуі керек
Осыған дейін қолына төлем есепшотын алып қойғандар тікелей осы бағдарламаға қатыса алмайды. Бағдарламаға қатысу үшін жаңа механизм бойынша платформаға тіркелу керек. Төлем есепшоты тек автосалонда көлік бар екенін ғана білдіреді. Яғни, қолыңызға төлем есепшотын бергені көлікті не қолма-қол ақшаға, не нарықтық несиемен, болмаса жеңілдетілген несиемен ала аласыз деген сөз ғана. Бірақ банктерде де, автосалондарда да ӨДҚ-ның жеңілдетілген автонесиесіне кезек жоқ. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров бүгінгі брифингте айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, бұған дейін нақты жеңілдетілген несие бойынша кезек болмаған. Тек қолма-қол ақшаға алатындар, жеңілдетілген несиемен алатындар немесе басқа да қаржылық құралдар арқылы алатындардың жалпы кезегі ғана болды.
Сондықтан осыған дейін автосалондарда кезекте тұрғандар, қолына төлем есепшотын алғандар – бәрі де платформаға тіркелуге тиіс. Тіркелгеннен кейін автосалонға барып, қалаған көлігін таңдайды. Тек осыған дейін көлігін таңдап, төлем есепшотын алып қойғандар үшін таңдаған көлігі сол күйі сақталады. Ал тіркеуден өткен соң банкке барып кепіл хатын алуға тиіс. Әрі қарай көлік сатып алу шараларын рәсімдейді. Осының бәріне 60 күн мерзім беріледі.
Айта кетерлігі, басқа нарықтық несиемен көлік алғандар үшін қайта қаржыландыру қарастырылмаған.
Ринат Гаппаровтың айтуынша, платформадағы кезектің бәрі ашық әрі жария өтетініне күмән жоқ. Ондағы барлық әрекет тіркеліп, жазылып отырады. Кейін арыз-шағым болып жатса, кез келген тексеруші орган кімнің қашан тіркеуге тұрғанын біле алады. Яғни, тікеуге тұрғандарды артынан өзгерту мүмкін емес.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жеңілдетілген автокөлікке онлайн өтінім 6 ақпаннан бастап арнайы сайт арқылы қабылданатыны хабарланған еді.
Сонымен қатар, бағдарламаға кімдердің қатыса алмайтыны да айтылған болатын.