×

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының жаңа шарттары жарияланды

Электронды кезек 6 ақпанда басталады

 Ербол Тұрымбет 01.02.2023 | 12:18
Коллаж: Halyq Uni

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ 2023 жылдың 6 ақпанында Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау үшін пилоттық платформаны іске қосады. Бұл туралы Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарма төрағасының орынбасары Ринат Гаппаров мәлімдеді.

Өтінімдерді қабылдау Астана уақыты бойынша сағат 10.00-де www.autonesie.kz ресми сайтында іске қосылады. Ол үшін өтінім берушінің электрондық-цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ), интернеті болуы қажет, сондай-ақ автоөндірушілерді алдын ала таңдауы шарт. Платформада тек ел аумағында тіркелуге болады.

Сайтта өтінім берген кезде деректер автоматты түрде ЭЦҚ арқылы қалыптасады. Өтінім беруші міндетті түрде тек телефон нөмірін енгізіп, автоөндірушіні таңдап, өтінімге қол қоюы керек. Өтінімнің тіркелгенін сайттағы «Жеке кабинет» арқылы тексеруге болады.

Айта кету керек, платформа Бағдарламаға қатысушылардың пулын қалыптастырады, Дилерлік орталықтарда автокөлікті және Бағдарламаға қатысушы банктерде кредитті беру кезектілігін анықтамайды. Өтінімді бергеннен кейін автоөндірушіні өзгерту мүмкін емес.

Жалпы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамыр айында басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 12,6 мыңнан астам автомобиль сатып алынды. Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Бүгінде Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша қолданыстағы автонесиелерді өтеуден жинақталған қаражат көлемі 7,6 млрд теңгені құрайды. Осы деректерді ескере отырып, пилоттық платформаның алғашқы іске қосылу барысында 761 өтінім берушіге дейін тіркеле алады. Өтінім берушілердің осы санына жеткен кезде платформада өтінім қабылдау автоматты түрде тоқтатылып, «Өтінім беру» функциясы белсенді болмайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама