Елордада жұмыссыз жүрген жастар көп – Тоқаев

Дәурен Ерболат

Қалада 100 мың теңге жалақы алатын қызметкерлер бар

Фото: vlast.kz/ Жанара Каримова

Астанада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән беру қажет. Басты назарды қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға аудару маңызды. Әлеуметтік қамсыздандыру аясындағы орташа жалақы 100 мың теңгеден асады. Жұмыс орындары бар. Бірақ атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке жарамды азаматтардың 60%-дан астамының тұрмыс жағдайы төмен, - деді президент елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қалада жастарды қолдау шаралары тиімді емес екенін атап өтті.

Жастармен жұмыс бұқаралық іс-шаралар өткізуден аспай жатады. Ал Астанада жастар арасында жұмыссыздық деңгейі өте жоғары, республика бойынша екінші орында. Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына қосылады. Соған сәйкес, олардың саны көбейеді. Үкіметке әкімдікпен бірге қаладағы жастармен жұмысты күшейтуді тапсырамын, - деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жұмыс істемейтін, білім алмайтын жастардың қатары жарты миллионнан асқаны хабарланған еді.