Halyq Uni логотип
×

Сенатор Гүлмира Кәрімованың өліміне не себеп болғаны белгілі болды

Анафилактикалық шок диагнозы расталған жоқ

 Халық үні 28.01.2023 | 19:50
Сенатор Гүлмира Кәрімованың өліміне не себеп болғаны белгілі болды
Фото: Halyq Uni

Сенат депутаты Гүлмира Кәрімованың өліміне қатысты сот-медициналық сараптамасының алдын ала қорытындысы шықты. Бұл туралы Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Сот-медициналық сараптамасының алдын ала қорытындысына сәйкес, науқас өлімінің тікелей себебі – жүрек талмасы (жедел миокард инфарктісі). Анафилактикалық шок диагнозы расталған жоқ. Сонымен қатар пациентке жедел жәрдемнің 5 минутта жеткенін атап өткіміз келеді. Өкінішке қарай, команда келген сәтте науқастан өмір белгілері байқалмады. Тыныс алуы тоқтаған, тамыр соқпай тұрды. Дегенмен реанимациялық шаралар жүргізілді. Алайда, одан нәтиже болмады», делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Еске салайық, бұған дейін, 27 қаңтар күні сенатор Гүлмира Кәрімованың 45 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады

13 қаңтарда Гүлмира Кәрімова СҚО-дан Сенат депутаты болып сайланған. Оған 144 адам дауыс берген.

Айта кетейік, Гүлмира Кәрімова 1998 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған.

2008 жылы Көкшетау университетінде қаржы бакалаврының дипломын алды.

Еңбек жолын 1998 жылы Петропавл қалалық классикалық гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Түрлі жылдары қала мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеді.

2010-2013 жылдары – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің директоры;

2013-2017 жылдары – қалалық білім бөлімінің басшысы;

2021 жылдың қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама