×

Әлихан Смайылов Шымкентті дамыту жөнінде кеңес өткізді

Қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр

 Динара Амантай 28.01.2023 | 09:51
Фото: https://t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шымкентті дамыту жөніндегі кеңесте жаңа өнеркәсіп объектілерін іске қосу, автокөлік жолдары мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік мекемелерді салу және реконструкциялау және т. б. бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр қала әкімдігі инженерлік инфрақұрылымды, атап айтқанда жылу, электр, газ, сумен жабдықтау желілерін және т. б. жаңғыртуға басымдық беруі керек екенін атап өтті.

Шымкент елдің оңтүстігінде орналасқаннан кейін, мұнда қақаған аяз сирек болады. Соның өзінде, қала тұрғындарының шағымдары азаймай отыр. Мысалы, «Жаңа Талап», «Тұран» шағын аудандарындағы көп қабатты үйлер жылусыз қалған. Бұған жол беруге болмайды, — деді премьер-министр.

Үкімет басшысы қаладағы құрылыс қарқынына оң баға берді. Атап айтқанда, соңғы екі жылда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар Үкімет басшысы осы орайда мегаполисте көлік желісіне жүктеме артып келе жатқанын, бұл жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды едәуір жақсартуды талап ететінін, осыған байланысты жаңа мектептер, ауруханалар мен басқа да әлеуметтік нысандарды уақытылы ашу қажеттігін айтты.

Алдағы үш жылда қалада 68 мың оқушыға арналған 54 мектеп салу жоспарланып отыр. Бұл Шымкенттегі үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге септігін тигізеді, — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыру қажеттігі айтылды. Бұл – соның ішінде нарықтың қолжетімді тетіктерін қолдануға, делдалдық тізбектерді анықтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына және аграрлық секторды дамытуға қатысты да мәселе.

Отырысты қорытындылай келе, премьер-министр:

«Сайрам» тұрғын алабын сумен қамтамасыз ету;

«Тұран» шағын ауданында магистральдық кәріз коллекторы мен оқушылар сарайын салу;

жалпы Шымкентте жол инфрақұрылымын салуды қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов жылу желілерін, сорғы станцияларын қайта жаңарту, қазандықтарды жаңғырту және «Қайнарбұлақ» тұрғын алабын газбен жабдықтау қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама