Үш жылда 1 285 шақырым жол салу жоспарланып отыр

Дастан Жұмабекұлы

Темір жол құрылысы жүк тасымалын көбейтіп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді

фото: ашық дереккөз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдады.

Мемлекет басшысына ұлттық компанияның былтыр атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі, теміржол саласын дамытудың алдағы кезеңге арналған жоспары, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның жүк тасу айналымы 252 млрд тонна-шақырымға дейін артты. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткіші. ЖПЭ-мен (жиырма пұттық эквивалентпен) есептегенде, жалпы контейнермен тасымалдау көлемі 1,129 мыңға дейін өсті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы баяндалды. Үш жылда барлығы 1 285 шақырым жол салу жоспарланып отыр екен. Бұл жүк тасымалының көлемін ұлғайтып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Теміржол құрылысында пайдаланылатын қазақстандық өнімдер мен қызметтердің үлесі – 85 пайыз.

Бұдан басқа, «Қазақстан темір жолының» басшысы президентке халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Ақтау, Құрық теңіз порттарының өткізу қабілетін кеңейту жұмыстарының барысы, сондай-ақ шетелдік ірі көлік-логистикалық компаниялармен ынтымақтастық мәселелері жөнінде айтты.