×

ОСК екі жаңа партияға сайлауға қатысуға ішінара рұқсат берді

Партиялар әлі барлық аймақтарда филиалдарын құрмаған

 Динара Амантай 27.01.2023 | 11:45
Фото: m.yk-news.kz

«Байтақ» жасылдар партиясы мен Respublica партиясына бірқатар өңірде мәслихат депутаттарын сайлауға қатысуға рұқсат берілді. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында белгілі болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі

«Байтақ» жасылдар партиясы Қазақстанның 15 өңірінде мәслихат депутаттығына өз кандидаттарын ұсына алады. Бұл – Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

Respublica партиясына 19 өңірде сайлауға қатысуға рұқсат берілген. Бұл – Абай, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары, Астана, Алматы, Шымкент қалалары.

ОСК отырысында айтылғандай, партиялардың барлық өңірде филиалдарын құрмағаны себепті ішінара рұқсат берілген.

Сонымен бірге, жиында бұл партиялар кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталғанға дейін өңірлік филиалдарын құратын болса, басқа өңірлерде де қабылдауға мүмкіндік алатыны айтылды.

Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталады.

Сайлау 19 наурызда өтеді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мәжіліс сайлауына қатысуға 7 партияға рұқсат берілгенін хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама