ArtSport бағдарламасымен 560 мыңнан аса бала мен жасөспірім қамтылады
Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыстар жалғасады
Биыл ArtSport бағдарламасымен 560 мыңнан аса бала мен жасөспірім қамтылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов кеңейтілген алқа отырысында балалардың спортпен, дене шынықтырумен тұрақты шұғылдануына жіті назар аударылатынын атап өтті. Бұл ретте мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша жұмыстар жалғасын табады.
Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жалғастыру мақсатында 2023 жылы 560 мыңнан аса бала мен жасөспірімді қамту үшін жергілікті атқарушы органдардан 86,7 млрд теңге бөлінді, – деді министр.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 2022 жылы 4 жастан 17 жасқа дейінгі 400 мыңнан аса бала мен жасөспірім 13 мың спорт секциясы мен шығармашылық үйірмелерге тегін баруға мүмкіндік алды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Асхат Оралов жаттықтырушы-оқытушылардың біліктілігіне қарай үстемақы енгізілетінін айтқан болатын.