Енді университеттің жабылуына құрылтайшы жауап береді
ЖОО-ны тексеру саясаты өзгереді
Енді университ жабылса, ондағы студенттерге құрылтайшы жауап береді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, салада «Таза парақтан» атты жаңа реттеуші саясаты қолданылады. Оған сәйкес, тексеріске жататын субъектілердің тізімін адам анықтамайды. Енді жұмыс (ЖОО-ны тексеру – автор) автоматты түрде жүргізіледі. Әр субъектінің өзінің ақпараттық жүйесі болуы керек. Ол мемлекеттік органдардың жүйесіне қосылады, ал біз өз тарапымыздан тиісті критерийлерді анықтаймыз, - деді Гүлзат Көбенова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан соң.
Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған.
Оған министрліктің де, жоғары оқу орындарының да, бизнес өкілдерінің де, «Атамекен» ҰКП-ның да өкілдері кірді. Бүгінде ол топ жұмысын аяқтап, барлық нормативтік құқықтық актілерге ревизияны анықтады. Енді автоматтандыру бағыты бойынша жұмысты жалғастырамыз. (Егер университет жабылса – автор) заңға сәйкес (ЖОО-ның – автор) құрылтайшысы студенттерге ең алдымен жауап береді. Оның жауапкершілігі «Білім туралы» заңға енгізілген толықтыру арқылы нақтыланды. Ең алдымен бұл құрылтайшының жауапкерлігін күшейтуді көздейді, - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі биыл 15 университеттің тексерілетінін айтқан еді.