Көлігін 10 жылдан кейін заңдастырған павлодарлық қуанышын жасыра алмады

Дәурен Ерболат

Ол біраз ақшасын үнемдеген

Фото: Polisia.kz

Павлодар облысында тұрғын көлігін 10 жылдан кейін заңдастырды, деп хабарлады Polisia.kz.

37 жастағы Виктория Черкашина MINI Cooper-ді АҚШ-та сатып алған. Ол – көлігін заңдастырған алғашқы қазақстандықтардың бірі.

2012 жылы MINI Cooper-ді АҚШ-тан Қазақстанға әкелдім. Сол уақытта 30% кедендік баж салығын толық төледім. Алайда көлікті бірден тіркемедім. Себебі, шетелге шығуды жоспарладым. Бірнеше жыл бойы елде болмадым. Сол аралықта қайта өңдеу ақысы мен бастапқы тіркеу сынды жаңа төлемдер енгізілді. Көлік қайта өңдеу төлемі енгізілгенге дейін жеткізілгендіктен оны төлеудің қажеті болмады. Алайда бастапқы тіркеу үшін 500 АЕК төлеу керек болды. Сома аз емес. Сондықтан көлігім гаражда тұрды, - деді тұрғын.

Ол президенттің шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеу туралы тапсырмасын естігенде қуанғанын айтты.

«Биыл 23 қаңтарда электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтінім бердім. Жауап 3-4 минутта келді. Криминалистер корпустың және басқа агрегаттардың нөмірін, сондай-ақ барлық құжатты салыстырып тексерді. Өтінім мақұлданды. Содан кейін құжаттарды тапсырдым. 10 минуттан соң құжаттардың дайындығы туралы хабарлама алдым. Көлігімді 10 жылдан кейін тіркедім әрі отбасы бюджетін үнемдей алдым. Бәріңізге рақмет айтамын», - деді Виктория Черкашина қуанышын жасыра алмай.

Еске салайық, Қазақстанда 23 қаңтардан бастап шетелдік көліктерді заңдастыру басталды.