Бір аптада пияз бағасы күрт өсті
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстанда пияз бағасын тұрақтандыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл елімізде 1,1 млн тонна пияз өндірілген. Тұтыну көлемі – 300 тонна.
Былтыр 800 мың тонна пияз өзімізге де, экспорттауға да толық жетті. Биыл әлем бойынша өте қиын жағдай туындап тұр. Негізгі пияз өндіруші елдер түрлі табиғи себептерге байланысты жылдағы көлемді бере алмады. Мысалы, Пәкістанда қиындықтар бар. Бұл ел пияздың әлемдік қоймасы саналады. Алайда онда су тасқыны, қуаңшылық болды... Қазір Қазақстанда пияздың 100 мың тоннадан аса қоры бар. Ерте пісетін пияз жеткізілгенше, көктемге дейін осы пиязды сақтауымыз керек. Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия пиязды сыртқа шығаруға шектеу қойды, - деді Ербол Қарашөкеев министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінен соң.
Оның айтуынша, шектеу мерзімі – 3 ай.
«Нарықтағы жағдай өзгермесе, 6 айға дейін созылуы мүмкін. Бірақ ай сайын жағдайды бақылап отырамыз. Біздің өндірушілер пиязды сыртқа жақсы бағамен экспорттаған. Пияздың бағасы – көтерме деңгеймен келісіне 150-170 теңге. Ал Ресей, Өзбекстанда көтерме бағаның өзі 240 теңгеден асып кеткен. Сондықтан пияз бағасын тұрақты сақтау үшін оны сыртқа шығаруға шектеу қойылды. Қазір 3 айға шектеу енгізілген. Нарықтағы жағдай өзгерсе, соған сәйкес әрекет етеміз», - деді Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, елімізде бір аптада пияз 5,5% қымбаттаған.
Өткен аптада көкөністердің бағасы өсті. Пияз бағасы – 5,5%, сәбіз – 1,3%, картоп 1% көтерілді, - деп жазылған хабарламада.