ОСК Украинадағы соғысты қолдаған депутатты мандатынан айырды
Ол Ресей президенті Владимир Путиннің саясатын ашық қолдайтынын айтқан
Орталық сайлауы комиссиясы (ОСК) Мәжіліс депутаты Азамат Әбділдаевты мандатынан айырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі Ұлттық кеңесінің 2023 жылғы 19 қаңтардағы №1 қаулысының қабылдануына байланысты Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Азамат Рахатұлы Әбілдаевтың өкілеттілігінің күші жойылды деп танылсын, - деп жазылған ОСК қаулысында.
Айта кетейік, кеше Азамат Әбділдаев «Ақ жол» партиясынан шығарылған еді.
Депутат «Азаттыққа» берген сұхбатында Ресей-Украина соғысында Мәскеуді қолдайтынын ашық айтты.
Мен Ресей президентін қолдаймын. Украинадағы арнайы операцияны қолдаймын. Осы жазға дейін Зеленскийді өзінің халқы ұстап, сотқа береді деп ойлаймын. Украинада билік басында ұлтшылдар отыр. Ресей жақтан да, Украина жақтан да соғысып жүргендерді жақсы танимын. Украинаның ар жағында Ресей жатыр. 600 метр. Кез келген ракетамен атса, Мәскеуге барады. Бұл ең алдымен олардың қауіпсіздігі, – деді ол.
Бұл жағдайға қатысты сарапшылар да пікір білдірді.
Сондай-ақ кеше президенттің жарлығымен Мәжіліс таратылды. Сайлауға 33,4 млрд теңге бөлінетін болды.