×

Қаңтар оқиғасы: адам азаптаған полицейлерге сот үкімі шықты

Олар әріптестері үшін кек алмақ болған

 Дәурен Ерболат 17.01.2023 | 16:16
Фото: Алматы қаласы ПД баспасөз қызметі

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған адамды азаптаған полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бостандық ауданы №2 сотында азаптау фактісі бойынша Х., Б. және Қ. атты полицейлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралды (Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы).

Былтыр қаңтарда көлікті заңсыз иемденді деген күдікпен Р. атты азамат полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қ. атты полицей Р.-ны одан әрі тергеп-тексеру үшін Б және Х. атты полиция қызметкерлеріне тапсырды. Б. және Х. Р.-ны тәртіпсіздікке қатысты деп есептеген. Олар зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатында Р.-ға физикалық қысым көрсетіп, күш қолданып, азаптады. Қ. әріптестерінің қылмыс жасағанын біле тұра, оны басшылыққа жеткізбеді, - деп жазылған Алматы сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Судья шешім қабылдау кезінде Б-ның балалары барын ескерді.

«Сот үкімімен Б. және Х. атты сотталушылар Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, оларға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 370-бабы 2-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды әрі бас бостандығы 1,6 жылға шектелді», - деп жазылған хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін қаңтарда «азапталғанын» айтқан 182 арызданушының сотталғаны хабарланған еді. Сондай-ақ ҰҚК мен ІІМ-нің адамдарды азаптаған 31 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама