×

Қаңтарда «азапталғанын» айтқан 182 арызданушы сотталды - Антикор

Агенттік басшысы азаптау қылмысын тергеу қиынға соққанын мәлімдеді

 Дәурен Ерболат 05.01.2023 | 12:29
фото © Тимур Батыршин

Қаңтар оқиғасы кезінде «азапталғанын» айтқан 182 арызданушы сотталған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жалпы азаптау қылмысын тергеу қиынға соққан.

«Қаңтар оқиғасына тоқталайын. Азаматтардың күштік құрылым қызметкерлерінің іс-әрекетіне берген арыздары бойынша қылмыстық істерді тергеу күрделі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 432 қылмыстық істі тергеді. Оларды тергеуге агенттіктің ең тәжірибелі тергеушілері тартылды. Негізгі қиындық – оқиғалардың (қаңтар) ретсіз және жаппай болуымен байланысты. Арызданушылар маска таққан, каска киген полицейлерді көрсетті, яғни олар азаптағандардың жүзін де көрмеген. Есімдерін де білмейді. Тергеуге көптеген бейнебақылау камеларының жұмыс істемеуі де кедергі болды», - деді Олжас Бектенов Мәжілістің жалпы отырысында.

Антикор басшысының айтуынша, тергеуді дұрыс ұйымдастыру 347 қылмыстық іс бойынша оқиғаның хронологиясын қалпына келтіруге мүмкіндік берген.

«Азаптауларды тергеу жөнінде Ыстанбұл хаттамасының талаптары қатаң сақталды. Оған сәйкес, 851 сот сараптамасы жүргізілді. Сот-медициналық сараптамасы 344 адамның қатысуымен жүргізілді. Нәтижесінде 239 адамның дене жарақаттарын алғаны анықталды. 105 адамана жарақат анықталмады. Тағы 59 арызданушы құқығын пайдаланып, сараптамада жүргізуден бас тартты. Объективті деректер жиынтығы негізінде дене жарақаттары көшедегі тәртіпсіздіктер кезінде алынды деген қорытынды жасалды», - деді Антикор төрағасы.

Олжас Бектенов нақты статистикалық деректерді келтірді.

«Арызданушылардың басым бөлігі, яғни 403 арызданушының 271-і тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу үшін билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсету, қару ұрлау, тонау және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып саналды. Бұл қылмыстық істерді арнайы прокурорлар мен полиция органдары тергеп жатыр. Қолда бар деректер бойынша 182 арызданушы сотталды. 18 адамға қатысты істер сотта қаралып жатыр», - деді ол.

Агенттік басшысының айтуынша, азаптау бойынша арыздардың көпшілігі бір ай немесе одан да көп уақыт өткен соң түсе бастаған. Бұл дәлелдеу процесін едәуір қиындатқан.

«Мысалы, Қостанайда Ануханов жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу туралы қылмыстық іс бойынша күдікті бола тұра, азаптау туралы өтінішпен 45 күннен соң жүгінді. Сотқа дейінге тергеп тексеру нәтижесінде полиция қызметкерлерінің азаптауға қатысы туралы дәлелдер расталмады. Қостанай қаласының соты Анухановты Қылмыстық кодекстің 72-бабы бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Мұндай мысалдар азаптау туралы мәлімдемелердің көбісі заңсыз әрекеттер үшін жауаптан құтылу үшін жасалғанын көрсетеді», - деді Бектенов.

Тергеу нәтижесінде 347 іс қылмыстық құрамның болмауына байланысты қысқартылған.

«Өйткені қызметкерлердің заңға қайшы әрекеттерін куәландыратын жеткілікті, объективті деректер анықталған жоқ. Қадағалаушы прокурорлар процестік шешімдерді бекітті. Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген өзгерістерді ескеріп, прокуратура органдарына барлығы 56 қылмықтық іс жіберілді», - деп түйіндеді сөзін агенттік төрағасы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама