Қаңтар оқиғасы: адам азаптаған полицейлерге сот үкімі шықты
Олар әріптестері үшін кек алмақ болған
Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған адамды азаптаған полиция қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бостандық ауданы №2 сотында азаптау фактісі бойынша Х., Б. және Қ. атты полицейлердің үстінен қозғалған қылмыстық іс қаралды (Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы).
Былтыр қаңтарда көлікті заңсыз иемденді деген күдікпен Р. атты азамат полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қ. атты полицей Р.-ны одан әрі тергеп-тексеру үшін Б және Х. атты полиция қызметкерлеріне тапсырды. Б. және Х. Р.-ны тәртіпсіздікке қатысты деп есептеген. Олар зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатында Р.-ға физикалық қысым көрсетіп, күш қолданып, азаптады. Қ. әріптестерінің қылмыс жасағанын біле тұра, оны басшылыққа жеткізбеді, - деп жазылған Алматы сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Судья шешім қабылдау кезінде Б-ның балалары барын ескерді.
«Сот үкімімен Б. және Х. атты сотталушылар Қылмыстық кодекстің 146-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырып, оларға 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушы Қ. Қылмыстық кодекстің 370-бабы 2-1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан өмір бойына айырылды әрі бас бостандығы 1,6 жылға шектелді», - деп жазылған хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін қаңтарда «азапталғанын» айтқан 182 арызданушының сотталғаны хабарланған еді. Сондай-ақ ҰҚК мен ІІМ-нің адамдарды азаптаған 31 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылып жатыр.