Сот Жанболат Мамайды Ұлыбритания азаматтарымен кездестірмей қойды

Динара Амантай

Қазір сотталушы үйқамақта

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық соты Жанболат Мамайдың Ұлыбритания азаматтарымен кездесуіне рұқсат бермеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 қаңтарда сотқа сотталушы Мамайға үш британдық азаматпен кездесуге рұқсат беру туралы өтінішхат түскен. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 99,362-бабына сәйкес өтінішхат сот отырысында қаралды.

Сот тараптардың пікірін тыңдап, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартты. Себебі сотталушы Жанболат Мамай үйқамаққа алынғандықтан, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 146-бабына сәйкес белгілі бір шектеулерді сақтауы қажет. Шектеулердің бірі – жақын туыстары мен адвокаттан басқа адамдармен келіссөздер жүргізуге және сөйлесуге тыйым салу. Өтінішхатта көрсетілген Ұлыбритания азаматтары айыпталушының адвокаттары немесе құқық қорғау ұйымдарының мүшелері емес. Осыған байланысты сотталушыға бөгде адамдарды жіберу заң талаптарына қайшы келеді, – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, өткен жылы 25 ақпанда Жанболат Мамай қаңтар оқиғасын еске алған азалы митингке қатысқаны үшін 15 күнге қамалған болатын. Ал сол жылдың 3 қарашасында сот оның бұлтартпау туралы шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген еді.