Мемлекетке қайтарылған жерлер туралы ақпаратты қайдан алуға болады?

Динара Амантай

Игерілмеген, заңсыз берілген учаскелер жайында мәліметтер геосервисте қолжетімді болды

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда мемлекеттік меншікке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы іске қосылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Аталмыш картаны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірледі. Jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы барлық ақпарат орналастырылған.

Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақытта қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру үшін бағдар болады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылшаруашылық жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруашылығы үшін қажетті алаңдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінде облыстар мен аудандар бөлінісінде инфографиканы әзірлеу, сондай-ақ порталдың интерфейсін толтыру процесі аяқталып жатыр.

Интерактивті картаны енгізу қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін бөлу бойынша жұмысты ашық әрі айқын етеді. Учаскелерді қайта бөлудің одан әрі мониторингін аумақтық жер ресурстарын басқару жөніндегі департаменттер, әкімдіктер мен прокуратура қызметкерлері қол жеткізе алатын жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры платформасында жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қайта бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурстарды өткізу модулін Электрондық сауда алаңының базасында іске асыру ұсынылады. Қазір заңнамаға сәйкес, жер пайдалану құқығын беру жөніндегі конкурс қағаз жүзінде өткізіледі.