Олар «жасыл дәліздің» көмегімен елге қайтқан
Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының саны азайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бір ай бұрын Оңтүстік Кореядан ақпарат алдық. Онда (Қазақстаннан барған, – автор) заңсыз мигранттар саны азайды. Бүгінде (Оңтүстік Кореяда, – автор) 7-8 мыңға жуық қазақстандық бар. Бұрын олардың саны 11-12 мың адам болды. Көбі осы «жасыл дәлізді» пайдаланды. Алайда бұл дәліздің көмегінсіз-ақ қайтуға болады, - деді ресми өкіл СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ Айбек Смадияров Корея Республикасына барғысы келетін қазақстандықтар үшін талап күшейгенін атап өтті.
«Корея елшілігі (Қазақстандағы, – автор) арнайы рұқсат беру тәжірибесін енгізді. Оңтүстік Кореяға визасыз режим бойынша келмес бұрын барлық қажет құжатты (әуе билеті, сақтандыруды) тапсыру керек. Бұрынғыдай қазақстандықтар ол жаққа барып, қала алмайды», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Мексика елшілігінің ашылатыны хабарланған еді. Сонымен қатар, қазақстандықтардың шетелде құлдықта болу дерегі жиілеген.