Сотта вайнерлерге алданған тағы бір адам шықты
Алматыдағы егде жастағы әйел соттың әділ өтуін сұрайды
Алматыда вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр.
16 қаңтарда өткен сот процесінде жәбірленуші Айсұлу Ахантайқызы жауап берді.
Әйел үйін сатып, 10 миллион теңгесін қаржы пирамидасына құйған. Содан кейін бір рет 800 мың теңге дивиденд алған. Қаражаттан қысылғанын айтқан соң компания тағы 1 миллион теңге берген.
Оның сөзінше, бұл компанияға оны танысы апарған. Әйел қазір баспанасы жоқ екенін, құйған қаражаты да қайтарылмағанын айтады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қаңтарында Алматыда танымал вайнер Мейіржан Төребаев пен Mudarabah Capital компаниясына қатысы бар деген күдікпен ұсталған бірнеше адамға қатысты сот тергеуі басталды.
Іс бойынша 12 сотталушы бар.
Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Құланбаевтың айтуынша, 2019-2021 жылдары сотталушы Алмас Құрманғалиев Алматы қаласында ауыр қылмыстық құқық бұзушылық жасады.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2019 жылы бастапқыда Astex қаржылық пирамидасы құрылды. Оны Құрманғалиев өзінің туысы Мансұровтың көмегімен баю мақсатында құрған.
Прокурордың айтуынша, қаржы пирамидасын құрушылар тұрғындар арасында сенімділік орнату мақсатында бұл іске танымал адамдарды тарту туралы шешім қабылдаған.
2020 жылдың наурызында бұл іске Руслан Бұрқанов, Андрей Ча, Біржан Жармұхамед, Самат Қасенов, Тимур Рүстемов, Нұрлан Сұлтанбаев, Мейірхан Шерниязов пен Азимжан Саидбаевты тартты.
Сотталушы Руслан Бұрқанов Mudarabah Capital ЖШС директоры болған. Азимжан Саидбаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы болған. Олар үгіт-насихат жүргізу, әлеуметтік желіде жарнама жасауға жауапты болған. Сондай-ақ құрылтайшылар арасында қаражат бөлуге де қатысты.