Астанада мерекеге орай суға түсуге арналған орындар белгіленді

Динара Амантай

Суда құтқару қызметі және ПД-ның қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Фото: polisia.kz

Астанада 18-19 қаңтар күндері барлық православие шіркеулерінде Крещение мерекесі рәсімі өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Крещение мерекесі рәсімі 18-19 қаңтарда Астана қаласының барлық православие шіркеулерінде өтеді. Олар: Успен кафедралды соборы (Күйші Дина көшесі, 27), Константин-Еленин шіркеуі (Республика даңғылы, 12), Серафим Саровтың шіркеуі (Бөгенбай батыр даңғылы, 8).

Жаппай шомылуға арналған ойықтар Есіл өзеңінің оң жағалауындағы, М. Өтемісова атындағы Оқушылар сарайы ауданында, «Гранд Алатау» ТК және сол жағалаудағы «Астана» саябағының жағалауында (Амфитеатр мен Regis Astana қонақ үйінің жанында) орнатылады.

Шомылатын орындар 18 қаңтар сағат 19:30-дан бастап 19 қаңтар 02:00-ге дейін қолжетімді болады. Сондай-ақ, жаппай шомылу19 қаңтар таңғы 8:00-ден 20 қаңтар сағат 02:00-ге дейін жалғасады.

Діни рәсім барысында Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Суда құтқару қызметі және полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл күні шомылу орындарында жедел жәрдем бригадалары кезекшілік етеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және шомылу кезінде ауа райы жағдайларын ескеруге шақырамыз.

Сондай-ақ қауіпсіздік ережелері туралы және шомылуға арналған орындарды төмендегілерді есте ұстаған жөн: купельдің жанында 3 адамнан артық тұрмау керек, тек құтқарушылар мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен суға түсу қажет. Суға кірмес бұрын, денені қыздыратын жаттығу жасап, рәсімнен кейін денені сүлгімен ысқылап, жылы киім киіп, ыстық шай ішу керек.