×

Ресей әскері Соледардың көп бөлігін басып алды

Ал Бахмут үшін шайқаста РФ сарбаздарының жауынгерлік күші сарқылды

 Дастан Жұмабекұлы 13.01.2023 | 14:05
фото: ашық дереккөз

Ресейдің Қарулы күштері Украинаның Соледар қаласының көп бөлігін басып алды. Бұл туралы АҚШ-тың соғысты зерттеу институты хабарлады.

Институттың мәліметіне қарағанда, Ресей әскері қаланың барлық жеріне бақылау жасауға тырысып жатыр. Қазір Украина әскері қаланың батыс жағына ығыстырылған. Институт сарапшылары Соледарды басып алу арқылы Ресей армиясы Бахмутты қоршап алады дегенді білдірмейтінін айтты.

Себебі Бахмут үшін шайқаста Ресей әскерінің жауынгерлік күші сарқылған, –  делінген хабарламада.

Бұған дейін Ресей ақпарат құралдары әскерлері Соледар қаласын басып алып, тазартуға кірісті деген ақпарат таратқан еді. Алайда кеше Украина Қарулы күштерінің бас штабы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Алексей Арестович украин жауынгерлерінің Соледардағы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Біздің Соледардан кетер ойымыз жоқ. Тіпті, кететін күннің өзінде бұл – қашу емес, әскеріміз қаладан жоспарлы түрде шығарылады. Қазір жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, –  деді ол.

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр да жауынгерлердің қаланы қорғауда жанқиярлық ерлік көрсетіп жатқанын айтты.

Біздің әскер қорғанысты ұстап тұр. Соледарда түнімен шайқастар болды. Жау Донецк бағытындағы барлық әскери күшін Соледарға салып жатыр. Күні-түні шабуылдауды тоқтатқан жоқ. Соледар берілген жоқ, –  деді Анна Маляр.

Соледар –  шағын ғана елдімекен. Жан саны 10 мыңға жуықтайды. Донецк облысындағы Бахмуттан 10 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде Шығыс және Орталық Еуропадағы ірі «Артемсоль» кәсіпорны бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама