ТЖМ Қарағандыдағы көпқабатты тұрғын үйдегі өртке қатысты мәлімдеме жасады

Динара Амантай

Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелді

Фото: Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Қарағандыдағы көпқабатты тұрғын үйдегі өрт газ жарылысының себебінен болмаған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қаңтарда сағат 21:29-да Қарағанды қаласында Республика даңғылы, 18/2 бойында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен. 16 қабатты бір кіреберісті 127 пәтерлі тұрғын үйдің 8-қабатындағы пәтерде жалпы алаңы 30 шаршы метр аумақта өрт шықты.

1979 жылы туған ер адам жанып жатқан пәтерден құлап, медициналық мекемеге жатқызылды. Барлау кезінде 3 адамның (2 ер, 1 әйел болуы мүмкін) мәйіті табылды. ТЖД күштерімен 48 адам (оның ішінде 9 бала) кіреберістегі пәтерлерден құтқару қалпақтарының көмегімен шығарылды және 82 адам (оның ішінде 21 бала) эвакуацияланды.

Сағат 22:55-те өрт оқшауланды. Оқиға орнына ТЖМ-ның 88 адамы мен 23 техникасы жұмылдырылды.

Газ жарылысы расталмады. Оқиға орнынан газ құрылғылары табылмады. Ешқандай қираулар немесе құрылымдық бұзылулар жоқ. Жылу жүйелері бұзылмаған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ тұрғындарды жылыту үшін ТЖД-ның 3 вахтовкасы жұмылдырылғаны белгілі болды. Эвакуацияланған тұрғындар туыстарына және қаладағы қонақ үйлерге орналастырылады. Оқиға орнында психологтар жұмыс істеп жатыр.

Бұған қоса полиция қызметкерлерімен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 204 бабы 2 тармағына «Отпен немесе қауіптілігі жоғары өзгеде көздермен жұмыс істеу арқылы жасалған ауыр зардаптарға әкелген бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдіру» сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Аталған баптың санкциясына сәйкес 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.