Ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірде бірнеше бағытта жол жабылған
Ақтөбе облысында боранды күні далада қалып қойған адамдар құтқарылды, деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Басқарма мәліметінше, Қарғалы ауданы Бадамша ауылынан 7 шақырым жерде серіктестік жұмысшылары далада қалып қойған. Оқиға орнына құтқарушылар жіберіліп, 4 жұмысшы құтқарылды. Олар Бадамша ауылына жеткізілген.
Сондай-ақ Самара-Шымкент тасжолының Қобда ауылынан 80 шақырым жерде жол апаты болып, құтқарушылар бір адамды ауылға жеткізді.
Құтқату жұмыстары Хромтау ауданы Абай ауылы аумағында да жүргізілді.
Жол талғамайтын көлік те қар құрсауында қалып қойған. Оқиға орнына 3 адам мен техника жіберілді. Toyota Land Cruise жолдан шығып кеткені анықталды. Құтқарушылар 5 адам, оның ішінде 3 балаға көмек көрсетті. ТЖД жүргізушілерді ауа райының өзгеруін ескеруді, боранда жолға шықпауға кеңес береді», - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін ІІМ жүргізушілерге ескерту жасаған еді.