29 қаржы пирамидасының жолы кесілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Төрағаның айтуынша, бизнестің қылмыстық процеске қатысын азайту үшін агенттікпен жүйелі жұмыстар жүргізіліп, соңғы 4 жылда тіркелген істер саны 2 есе кеміген.
Жалған шот-фактуралар жазып беру арқылы салық төлеуден жалтаруға көмектесіп, қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын мыңнан аса фирманың қызметі тоқтатылды. 110 заңсыз ойынхана мен алкоголь өнімін шығаратын 44 жасырын цех жойылды.
Сондай-ақ былтыр қаржы алаяқтарының қызметін жарнамалайтын 13 мың веб-парақша мен аккаунт бұғатталды. 29 қаржы пирамидасының жолы кесіліп, зардап шеккен азаматтардың 8,3 миллиард теңге көлемінде шығыны өтелді. Жалпы, қабылданған шаралардың нәтижесінде құны 300 миллиард теңгеден асатын активтер қайтарылды.
Агенттік үйлестіруімен қаржыны жылыстатуға қарсы ұлттық жүйеге реформа жүргізілгені жөнінде баяндалды. Бұл қолданыстағы заңнаманы халықаралық ФАТФ (FATF) cтандарттарымен барынша сәйкестендіруге мүмкіндік берді.
Кездесу соңында мемлекет басшысы қаржы пирамидаларының қызметі мен алаяқтардың қитұрқы әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ адал бизнесті қорғауды, қаржылық және экономикалық қылмыстарға қарсы күрес шараларын күшейтуді тапсырды.