Антикор «Қазақтелеком» басшысына қатысты жауап берді

Ербол Тұрымбет

Қуанышбек Есекеев «Қазақтелеком» ұлттық байланыс операторын 2010 жылдан бері басқарып келеді

Қуанышбек Есекеев, фото: vesti.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің ұсталғаны туралы ақпаратты растаған жоқ.

Қазіргі басшы (Қуанышбек Есекеев) әзірге іс бойынша қаралып жатқан жоқ. Одан куәгер ретінде жауап алынды, - деді Бектенов Мәжіліс алаңында журналистердің сұрақтарына жауап беріп.

Еске салсақ, 13 наурызда Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істі тергеп жатқаны белгілі болды.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі – Қайрат Сатыбалды ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ әлеуметтік желіде Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің ұсталғаны жайлы да ақпарат жарияланды. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.