Halyq Uni логотип
×

Қаңтар оқиғасы: 11 адам «үтікпен азаптады» деп шағымданды

11 арызданушыға қатысты қылмыстық іс «үтікпен азаптау» фактісімен тіркелді

 Айнұр Шошаева 14.03.2022 | 12:00
Қаңтар оқиғасы: 11 адам «үтікпен азаптады» деп шағымданды
коллаж: Halyq Uni

Талдықорғанда қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған Азамат Батырбаевты үтікпен азаптаған полиция қызметкері қамауда отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Биылғы 18 ақпанда Алматы облысы бойынша антикор 11 арызданушыға қатысты «үтікпен азаптау» фактісімен тіркелген қылмыстық істі арнайы прокурорға жолдады. 5 күннен кейін күдікті жедел уәкіл А.Кенжебаев ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды, - деді Бектенов.

Атап өтсек, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Азамат Батырбаев уақытша ұстау изоляторында полиция қызметкерлері тарапынан азаптау көргенін мәлімдеген болатын. Полиция қызметкерлері оның денесін үтікпен күйдірген. Батырбаев Талдықорғандағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатуға қатысқандардың арасында болды. Изолятордағы азаптау фактілері туралы белгілі болып, қылмыстық іс қозғалғанда Алматы облыстық полиция департаментінің бір топ қызметкері жиналып, жаппай жұмыстан кететінін мәлімдеген еді.

Бұған дейін Азамат Батырбаевты азаптаған полицейдің қамауға алынғаны белгілі болды.

Осыған дейін мәжілісмен Жанарбек Әшімжан «Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек» деген болатын. Сондықтан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін сұрақтарға жауап беру үшін Мәжіліске шақыртқан еді.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама