Заң талаптарын орындамаған кәсіпорындар жауапқа тартылды

Дәурен Ерболат

Олар өнімнің сәйкестігін растауға міндетті

Фото: Halyq Uni

Қазақстанда техникалық регламенттерді сақтамаған 21 кәсіпорынға айыппұл салынды, деп хабарлады Техникалық реттеу және метрология комитеті.

Комитет мәліметінше, сыртқы экономикалық қызмет (СЭҚ) қатысушылары өнімнің сәйкестігін растауға тиіс.

«Техникалық реттеу туралы» заңның 17-бабы бойынша Сәйкестік туралы декларацияны қабылдайтын тұлға: декларациялауды жүргізуге және оны тіркеуге қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау қағидаларының және шешімдерінің талаптарын орындауға міндетті.

Сәйкестік туралы декларацияны қабылдаған адам сәйкестікті растау және бағалау рәсімдерін жүргізу қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан заңдарында белгіленген жауапқа тартылады.

Тексеріс барысында Сыртқы экономикалық қызметтің 21 қатысушысына заңда көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-1-бабы 1-бөлігі бойынша 14 млн 901 мың 495 теңге көлемінде айыппұл салынды, - деп жазылған комитет таратқан хабарламада.