Президент Қаңтар құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалын ашты
Жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды, – деді президент
Бүгін Алматыда Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсіміне қатысты. Президент стеллаға гүл шоғын қойған соң, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін 1 минут үнсіздік жарияланды. Содан кейін Мемлекеттік әнұран орындалды.
Мемлекет басшысы жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі шараның еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтіп, қасіретті қаңтардан бері бір жылға жуық уақыт өткенін, бұл тәуелсіздік кезеңіндегі ең күрделі оқиғаның бірі болғанын айтты.
Сол күндері халқымызға зор қауіп төнді. Мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады. Тіпті, «Ел болып қаламыз ба, жоқ па?» деген сұрақ туды. Бірақ біз мызғымас бірлігіміздің арқасында қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді таныттық, мықты мемлекет екенімізді көрсеттік. Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз. Еліміздің амандығын, жеріміздің тұтастығын қорғау – бәріміздің перзенттік парызымыз. Бұл мақсат – президент ретінде мен үшін ең қасиетті борыш. Тұрақтылық пен татулық болса ғана осы міндетті ойдағыдай орындай аламыз, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткеніне арнайы тоқталды.
Олардың көбі бүгінгі салтанатты шараға қатысып отыр. Біз қасіретті қаңтар құрбандары мен нағыз қаһармандарды мәңгі есте сақтаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біз ұлт болып осы қасіретті оқиғадан сабақ алуымыз керек. Құқық қорғау органдары және арнаулы құрылымдар ауқымды жұмыс атқарды. Тергеу барысы депутаттардың, Бас прокуратура өкілдерінің және заңгерлер қауымының қатысуымен Парламентте талқыланды. Сол күндердің мән-жайын жан-жақты қарастырып, қамауға алынғандарға заң тұрғысынан көмек көрсету үшін құрамына еліміздің беделді құқық қорғаушылары енген қоғамдық комиссиялар елеулі үлес қосты. Мұның бәрі болған оқиғаға шынайы қарауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің Жарлығыммен рақымшылық жасалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сонымен қатар қарақшыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін, нағыз батырлар – жұмысшылар, фермерлер, дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен оқытушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер мен спортшылар деп атап өтті.
Президент сөзін қорытындылай келе қаңтар оқиғасы бәріміз үшін үлкен сабақ болғанын жеткізді.
– Біз құт-берекенің бастауы тұрақтылық екенін ұғындық. Ел тыныштығын сақтай білмесек, дүние бір сәтте астаң-кестең болатынын көрдік. Тәуелсіздігіміз бен мемлекеттігімізді күн сайын қорғауымыз қажет екенін сезіндік. «Жау жоқ деме, жар астында» деген сөздің мәнін де жете түсіндік. Ынтымақ пен бірлік болмаса, басқа жетістіктің бәрі бекер екеніне көз жеткіздік. Сондықтан қаңтар қасіреті және сол кезде өмірі қиылған азаматтар біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз ұлт болып ұйыссақ, кез келген қауіп-қатерді еңсере аламыз. Мен Президент ретінде мемлекетіміздің тұтастығын және халқымыздың амандығын сақтау үшін бәрін жасаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Қаңтар оқиғасын тергеу аяқталып жатқанын айтқан болатын. Сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде азаптау дерегі бойынша 327 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 31 қызметкері қылмыстық жауапқа тартылуда.