«АрселорМиттал Теміртау» зауытына тағы 1,3 млрд теңге айыппұл салынды

Еркеғали Болатұлы

Бұған дейін осы кәсіпорын 5,8 млрд теңге айыппұл арқалаған

фото: ekaraganda.kz

Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді.

Кәсіпорынға жүргізілген мониторинг барысында нақты есептелген салықтан аванстық төлемдер сомасын төмендету фактісі анықталған. Зауыт басшылығы апелляциялық шағым түсіргенімен, әкімшілік айыппұл күшінде қалды.

Еске сала кетсек, бұған дейін осы кәсіпорынға 5,8 млрд теңге айыппұл салынғанын жазған болатынбыз. Сонда да кәсіпорын басшылығы бұл шешіммен келіспей, қарсы шағым түсірген еді.

Одан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында Бас прокуратура басшылығымен бірге компания қызметіне кешенді тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеп, оның нәтижесі қосымша хабарланатынын ескерткен-ді.