Halyq Uni логотип
×

Алматы соты Михаил Козачков ісі бойынша мәлімдеме жасады

Журналист мемлекеттік құпияны заңсыз жинады, таратты, жария етті деген күдікке ілінген

 Халық үні 20.12.2022 | 15:21
Алматы соты Михаил Козачков ісі бойынша мәлімдеме жасады
Михаил Козачков, фото: ашық дереккөзден

Журналист Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы арызды қарау жабық сот отырысында өтеді. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім етті.

«Михаил Козачковқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы тергеу органдарының өтінішін қарау жабық сот отырысында өтеді, өйткені ол мемлекеттік құпияны заңсыз жинады, таратты, жария етті (Қылмыстық кодекстің 185-бабы) деген күдікке ілінген», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 18 желтоқсанда қаржы мониторингі агенттігі Михаил Козачковты ұстады. Михаил Козачков Елдос Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдік келтіріліп отыр.

Сондай-ақ Козачковқа және басқа тұлғаларға қатысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңсыз жинау және тарату фактілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі журналист Михаил Козачковтың ұсталуына байланысты жағдайдың министрліктің жіті бақылауында екенін жазды. Сондай-ақ тергеу барысында қандай да бір пікір немесе баға беруге ерте екенін айтты.

Белгілі журналистің ұсталғанына қатысты ҚР президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай пікір білдірді.

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына журналист Михаил Козачковқа қатысты жүргізіліп жатқан тергеу жұмыстарына орай бірқатар медиа қоғамдастық өкілі үндеу жолдады. Осыған байланысты бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өту қажет. Бас прокуратура тергеудің заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етуге және заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті түсініктемелер беруге міндетті», - деп жазды Желдібай.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бас прокуратура да журналист Михаил Козачковқа қатысты тергеу жүргізу бойынша бірқатар БАҚ өкілдерінің үндеуінде келтірілген уәждерді тексеруге кірісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама