×

Соғыстың Қазақстанға келгенін қалайсыздар ма? – депутат БҰҰ резолюциясына неге қарсы дауыс берілгенін айтты

Бүгінде еліміз осындай саясатты ұстануға мәжбүр

 Дәурен Ерболат 19.12.2022 | 13:15
Фото: The Associated Press/Emilio Morenatti

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Қазақстанның БҰҰ резолюциясына неге қарсы дауыс бергеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан шыққан депутатқа журналистер «Қазақстан Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтатуға шақырған БҰҰ-ның резолюциясына қарсы дауыс бергені туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бұл Қазақстан халқының мүддесі тұрғысынан қабылданған шешім бе?» – деген сұрақ қойды.

Айдос Сарым қос ел арасында кескілескен соғыс жүріп жатқанын атап өтті.

«Қазақстан Донбасты, Қырымды және басқаны мойындамайтынын айтты. Мынаны да түсінуіміз керек. Украина мен Ресей арасында кескілескен соғыс жүріп жатыр. Әр тарап өзінің мүмкіндігін арттыру үшін БҰҰ-ның  трибунасын пайдаланады. Бұл – заңды нәрсе. Біз өзіміздің жағдайымызды ескеріп, дипломатиялық ырым-жоралғыларды жасауға мәжбүрміз. Көптеген жағдайда Қазақстан қалыс қалып отырады. Қазақстандықтарды мұны дұрыс түсінуге шақырамын», - деді ол.

Депутаттың пікірінше, еліміз Ресейдің қас-қабағына тәуелді.

Біздің жағдайда Қазақстан Ресейдің де көңілін, жағдайын, ондағы қоғамдық пікірді ескеріп отыруға тиіс. Бұл соғыстың бізге келгенін қалайсыздар ма? Біз де қаламаймыз. Сондықтан осындай тіршілік жасауға мәжбүрміз. Бұл соғысты қолдау емес. Қазақстан соғысқа қатысты өзінің мәлімдемесін бірнеше рет жариялаған. БҰҰ қабылдаған барлық шешімнің астында Қазақстанның қолы бар. Мәселені дипломатиялық жолмен шешу керектігін күн сайын айтып жатырмыз. Әзірге қолымыздан келетіні осы. Тоқаевтың орнына кім келсе де, бір аптадан кейін осы саясатты ұстануға мәжбүр болады. Бұл біздің ойлап тапқанымыз емес. Өкінішке қарай, бұл ойында біздің ұпайымыз аса керемет емес. Сондықтан көрпемізге қарап көсілеміз, яғни Қазақстанның ішкі және сыртқы жағдайын ескереміз, - деді Айдос Сарым.

Оның пікірінше, Қазақстан бұл мәселеде сындарлы саясат ұстанып, реформа жүргізіп, қорғаныс саласын күшейтуі шарт.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына қарсы шыққаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама