Halyq Uni логотип
×

Парламент регламентіне өзгерістер енгізілді

Заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады

 Дәурен Ерболат 19.12.2022 | 11:15
Парламент регламентіне өзгерістер енгізілді
Фото: inbusiness.kz

Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі. Бұл өзгерістер Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау бойынша бірлескен комиссия тиісті жұмыс жүргізгенін хабарлады.

Конституциялық заңдарды тек қана Парламент палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзетудің Конституцияға енгізілуіне байланысты, осы тәртіпті Парламент регламентінде бекіту ұсынылады. Регламентті «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылады. Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болып табылады, - деді Қожахметов.

Конституциялық заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде Сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі.

Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады.

Конституциялық заң жобасының бастамашысы негізгі баяндама жасайды, одан кейін қос Палатаның қосымша баяндамашылары сөз сөйлейді. Сондай-ақ Парламент депутаттарына кезекпен сөз ұсынылады.

Қажет болған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін. Оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі. Сондай-ақ осы отырыста бірлескен комиссияның төрағасы сайланады және бұл комиссияның жұмыс мерзімі анықталады.

Екінші оқылымға дейін бірлескен комиссия қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін, ғалымдар мен сарапшыларды тарта отырып, конституциялық заң жобасы бойынша тұрақты комитеттер мен депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарау бойынша жұмысты жүргізеді.

Бірлескен комиссия құрылған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссияның төрағасы сөз сөйлейді. Екінші оқылымда Парламент палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды.

Сондай-ақ түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес, Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты болды.

«Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған. Мұндай «төтенше» жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады», - деді Арман Қожахметов.

Бірлескен отырыста Үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттарға баяндамашыға сұрақтар қою және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады.

Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін Парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік береді.

Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы Парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны алынбаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі.

Үшінші өзгеріс – жеке тарауда Парламенттің премьер-министрдің баяндамасын тыңдау рәсімін көрсету.

«Конституцияның 67-бабының 4-тармақшасына сәйкес премьер-министр Парламентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндайды. Бұл баяндаманы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар премьер-министрдің баяндамасын тыңдау кезінде сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқылы», - деді ол.

Сондай-ақ Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша Президенттің ұсыныстарын Парламенттің қарау тәртібі туралы регламентке жаңа 4-3 тарау енгізіледі.

Бұдан басқа, Парламент регламентінің бүкіл мәтіні бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.

Өзгеріс жобасына қатысты депутаттар сұрақ қоймады. Сондай-ақ қаулы жобасына қатысты дауыс берді.

Сенаттан қатысқан 48 депутат пен Мәжілістен қатысқан 96 депутаттың барлығы өзгерісті қолдады.

Айта кетейік, бұған дейін Парламенттің бірлескен отырысында қандай мәселе талқыланатыны хабарланған еді.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қос Палатаның бірлескен отырысынан кейін не өзгеретінін айтқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама