Halyq Uni логотип
×

Алматыда көп жыл рейдерлікпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тың ақпарат шықты

11 қатысушыдан тұратын қылмыстық топтың 6 мүшесі іздестіріліп жатыр

 Динара Амантай 14.12.2022 | 17:25
Алматыда көп жыл рейдерлікпен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тың ақпарат шықты
Фото: ҚМА баспасөз қызметі

Қаржы мониторингі агенттігі рейдерлік әрекетке күдікті Елдос Қоспаев пен оның сенімді адамдарына қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді тіркеді. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 адамнан құралған. Оның 5-еуі ұсталды. Ал 6 адамға, оның ішінде ұйымдастырушы Елдос Қоспаевқа да іздеу жарияланды.

Еске сала кетсек, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы алматылық кәсіпкерлерді үрейлендіріп келген болатын. Ұйымдасқан қылмыстық топ күш қолдану және қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін, серіктестіктердегі үлестерін тартып алып, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысқан.

Атап айтқанда, 2019 жылдың 4 наурызында Алматыда Қоспаев сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 миллион теңге құйған «Profit Trade Ltd» ЖШС-нің иелерін үлестерінің 40 пайызын қылмыстық топтың белсенді мүшесі Имашевқа беруге мәжбүрлеген. Бұрынғы басшыларды басшылықтан тайдырып тастаған қылмыстық топ мүшелері жалған құжат жасау арқылы қалған 35 пайыз үлесті иемденіп алған. Кәсіпорын алкогольдік өнімдерді көтерме бағада өткізумен айналысып, тұрақты табыс әкеліп отырған болатын.

Тағы бір жағдайда, 2020 жылдың 30 шілдесінде Қоспаевтың қылмыстық тобы бизнесіне 400 миллион теңгеден аса инвестиция салған «Азовита Ақтау» ЖШС мен «Азовита Атырау» ЖШС-нің иесін өлтіреміз деп қорқытып, оларды кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100 пайыз үлесін өтеусіз беруге мәжбүрлеген.

Қоспаев басқарған ұйымдасқан қылмыстық топ жоғарыда аталған компанияларды өз бақылауына алған соң, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында заңсыз алкоголь өнімдерін сату мақсатында қылмыстық әрекеттерге пайдалана бастаған.

Өздерінің жазасыздығын сезінген Қоспаев пен ол құрған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері табыс әкелетін кәсіпорындарды басып алуды жалғастыра берген. 2021 жылдың шілде айында ұйымдасқан қылмыстық топтар Қапшағай су қоймасындағы «Kapchagai Marina Club» ЖШС-не тиесілі, құны 2 миллион доллар тұратын демалыс орнын да күшпен басып алған.

Сонымен қатар, Қоспаев өзінің сенімді өкілдері – ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері арқылы Алматының ең беделді аудандарының бірінде «Есентай сити» тұрғын үй кешенін салып жатқан «AV-Construction» ЖШС-нің 75 пайыз акциясына иелік еткен. Қалған 25 пайызы – белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі. Ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй кешенін салу үшін 31 гектар жер телімін алған болатын.

Қоспаев пен оның сыбайластары баю мақсатында өз туыстарының атына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлаған.

2018 жылдың қазан айынан бастап Қоспаев пен ҰҚТ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және т.б. 3 жер телімін, 20 кеңсе және 113 пәтерді иемденіп алған. Соның салдарынан 4,6 млрд теңге көлемінде шығын келтірілген.

Қоспаев серіктестіктің ортақ меншік иесі Әбдіғаппаровтан қандай да бір талаптарды болдырмау үшін оның анасы С. Жүнісбекованың атына тіркелген 25 пайыздық үлесін өз меншігіне алуды ұйғарды. Әбдіғаппаров ұсталып, кейіннен қамауға алынды. Бұл жағдайды ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері оның қарт анасы С. Жүнісбековаға қысым көрсетуге пайдаланбақ болды. Осылайша, олар анасының «АВ-Констракшн» ЖШС-індегі үлесін алған жағдайда ұлына көмектесуге уәде берді. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерінің қысымына шыдай алмай, ұлы үшін қауіптенген Жүнісбекова серіктестіктегі үлесін қылмыстық топ мүшелеріне «сыйға тартты».

Тергеу аясында ұйымдасқан қылмыстық топтың қылмыстық жолмен тапқан мүлкі тәркіленді. Ол – 133 жылжымайтын мүлік нысаны, 11 жер учаскесі, 35 премиум маркалы автокөлік және 9 млн доллар қолма-қол ақша. Сонымен қатар, Алматы облысында Қоспаев ешбір құжатсыз бассейні мен спорт залы бар сәнді саяжай тұрғызған. Ол жерде асыл тұқымды жылқыларды өсірді, арыстан, аю сияқты аңдардың хайуанаттар бағын ұстады және т.б.

Бұған қоса, агенттік өкілдері ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдар аралығында осы үйдің қызметшісін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлауы фактісі бойынша материал жіберілгенін хабарлады.

Рейдерлік басып алу фактісі және қылмыстық топтың жұмыс істеуіне ықпал еткендерді анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚМА-ның рейдерлікке қатысы бар күдіктілерге іздеу жариялағанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама