Футболдан ӘЧ: финалға қай команда шыққаны белгілі болды

Халық үні

Қорытынды есеп - 3:0, Аргентина финалға шықты

Фото: infobae.com

Аргентина құрамасы Катардағы әлем чемпионатының финалына жолдама алды, деп хабарлайды Vesti.kz.

Жартылай финалда аргентиналықтар Хорватиямен кездесті. Лионель Месси бастаған команда 2018 жылғы әлемнің вице-чемпионын тас-талқан етті.

34-минутта Лионель Месси пенальтиден есеп ашты. Араға бес минут салып Хулиан Альварес хорваттардың бірнеше қорғаушысынан өтіп, есепті еселеді.

Үзілістен кейін Хорватия сапында бірден үш ойыншы тыңнан алаңға шықты. Бірақ есепті қысқарта алмады. Керісінше, 69-минутта Альварес Мессидің пасынан кейін тағы бір гол соқты. Қорытынды есеп - 3:0, Аргентина финалға шықты.

Месси әлем чемпионаттарындағы 11-голын соғып, Аргентина құрамасының мундиальдегі үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар, ол әлем чемпионатындағы 25-матчын өткізіп, Лотар Маттеустің рекордын қайталады.

Енді Аргентина финалда Франция мен Марокко командаларының матчының жеңімпазымен кездеседі.