Шетелдіктердің Қазақстанға келуі жеңілдейді

Дәурен Ерболат

Ол үшін арнайы мобильді қосымша іске қосылады

Фото: ural56.ru

Көші-қон саласын цифрландыру нәтижесінде шетелдіктердің Қазақстанға келуі жеңілдейді. Бұл туралы Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, көші-қон мәселесіне қатысты мемлекеттік органдар және әкімдіктер қызмет көрсетеді. Алайда мұндағы ақпараттық жүйелер бір-бірімен интеграцияланбаған.

Біріншіден, соларға интеграция жасалады. Migration.gov.kz немесе «Құтты мекен» деген платформа жасап, оны сынаймыз. Мобильді қосымшаны көрсеңіздер, ол – ҰҚК-ның визалық көші-қон порталы. Шетелдегі азаматтарды шақырғанда қазақстандық азамат портал арқылы өтінішхат бере алады. Нәтижесінде ол шетелден визасын алып келеді, - деді Ілияс Испанов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ ол eQonaq мобильді қосымшасының жұмысына тоқталды. Ол арқылы қазақстандықтар Ішкі істер министрлігіне шетелден келген азаматтар туралы хабарлама жібереді. Алайда қосымша тек бір бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 

Сондықтан Migration.gov.kz қосымшасында 13 бағыттың бәрі қамтылады. Шетелде жүріп, авторизация өтпестен ол қосымшадан барлық мәліметті көруге болады. Қандай статуспен келеді, мақсаты (оқуға, емделуге, виза алуға, қандас мәртебесін алуға) соның бәрін қосымшада көрсетеді. Нәтижесінде осындағы мемлекеттік органдарға рұқсат алу үшін тиісті мәлімет түседі. Мысалы, миссионер болса, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен, спортшы болса, Мәдениет және спорт министрлігінен рұқсат алуы керек, - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Ол мобильді қосымшаның іске қосылуы шетелдіктердің Қазақстанға келуін жеңілдететінін атап өтті.

«Мобильді қосымша 2023 жылдың жартыжылдығында іске қосылады. Жалпы сайт та жұмыс істейді. Қосымша Migration.gov.kz немесе «Құтты мекен» деп аталады», - деп сөзін түйіндеді Ілияс Испанов.