Қазақстанда 300 мыңға жуық ресейлік жүр – Еңбек министрлігі
30 мың РФ азаматы заңды түрде жұмыс істеп жүр
Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанға 837 мың ресейлік келіп, оның 300 мыңға жуығы қалды. Бұл туралы Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жыл басынан бері шамамен 3 млн ресейлік келді. Сонша адам елден шықты. Жарияланған ішінара мобилизациядан кейін елімізге 837 мың ресейлік келді. Оның 780 мыңы елден шығып кетті. Бүгінде Қазақстанда 298 мың ресейлік жүр. Оның 30 мыңы келісімшарт бойынша жұмыс істейді әрі еңбек биржасында тіркелген. Осыған байланысты олар уақытша тіркелген, - деді басшы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ бүгінде елімізде 20 мыңға жуық ресейлік студент оқып жатыр.
«Биыл 21 қыркүйектен бастап 198 мың ресейлік Қазақстанды транзиттік ел ретінде пайдаланды. Олар жоспарлаған елдеріне ұшып кетті», - деді Ілияс Испанов.
Айта кетейік, биыл 21 қыркүйекте Ресейде ішінара мобилизация жарияланған еді. Сол кезде Ішкі істер министрлігі Қазақстанға тек заңға бағынатын ресейліктер келіп жатқанын хабарлады. Ал Ресей Федерациясында ішінара мобилизация 1 қарашада аяқталды.