Қарағанды облысында көпбалалы отбасының үйі өртеніп, 3 адам жансақтау бөліміне түсті

Халық үні

Өрт кезінде отбасының үш мүшесі жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті

Фото: Қарағанды облысы ТЖД

Қарағанды облысында көпбалалы отбасының үйі өртеніп, 3 адам жансақтау бөліміне түсті. Бұл туралы Қарағанды ​​облысының білім басқармасы мәлімдеді.

«2022 жылдың 9 желтоқсанында №36 мектепте жұмыс істейтін әріптесіміздің үйі өртенді. Отбасы баспанасыз, киім-кешексіз және қажетті заттарсыз қалды», - делінген хабарламада.

Отбасында төрт бала бар. Өрт кезінде отбасының үш мүшесі жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті 50 литрлік тұрмыстық газ баллонынан газ қоспасы шығып, одан кейін тұрғын үйдің шатырының жанып кеткенін хабарлады. Өрт аумағы 70 шаршы метрді құрап, сыртқы қабырға опырылған.

«Өрт салдарынан күйік шалған 1952 жылғы ер адам, 1953 жылғы әйел және 2014 жылғы бала ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады ведомство.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ауруханаға атасы мен әжесі немересімен бірге түскен.