1 млн доллардың зергерлік бұйымдарын заңсыз тасымалдаған ер адам сотталды

Дәурен Ерболат

Ол ЕАЭО шекарасы арқылы тауар алып өтпек болған

Фото: newsler.ru

Астанада құны 1 млн доллар болатын зергерлік бұйымдарды заңсыз тасымалдаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті экономикалық контрабанда дерегін анықтады. Күдікті Нұржан Сураповқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Ол Астана халықаралық әуежайында «Стамбул-Астана» әуе рейсімен алтын әшекейлерді тасымалдау барысында ұсталды.

Мамандар декларацияланбаған зергерлік бұйымдар мен сағаттардың жалпы кедендік құны 565 млн теңге немесе 1 млн 200 мың доллар болады деген қорытынды шығарды.

Сот үкімімен Нұржан Сураповтың бос бостандығы шартты түрде 1,5 жылға шектелді. Құны 565 млн теңге, салмағы 28 келі болатын 7 мыңнан аса зергерлік бұйым мемлекет кірісіне тәркіленді, - деп жазылған хабарламада.