×

Антикор Екібастұздағы апатқа қатысты пікір білдірді

Бүгінде полиция мен агенттік қызметкерлері апаттың себебін анықтап жатыр

 Дәурен Ерболат 08.12.2022 | 15:47
Фото: kaztag.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Екібастұздағы жылу электр орталығында болған апат жемқорлықпен байланысты болуы мүмкін деген пікірін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, кеше «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының алаңында квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу өткен.

Ол ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін зерттейтін кәсіпорындар мен құзырлы органдардың өзара байланысына бағытталды. Жылу энергетика мен жылу саласындағы жұмыс бірлесіп жүргізіліп жатыр. Қазір Екібастұздағы мәселеге қатысты Павлодар облысының прокуратурасында сотқа дейінгі тергеу басталды. Кейін тергеу полицияға берілді. Тергеу тобында Антикордың жедел-тергеу өкілдері бар. Тергеу кезінде деректер зерттеледі, - деді ол ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Саян Ахметжановтың пікірінше, әрбір салада ішкі сыбайластықты әшкерелейтін қызметтің жұмыс істеуі шарт.

«Бұл қызмет тиімді жұмыс істесе, сыбайлас жемқорлық деректері болмайды. Сотқа дейінгі тергеуді Антикор емес, құзырлы органдар бастап, жүргізіп жатыр», - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов Қазақстандағы жылу желілеріндегі апаттар жемқорлықпен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан болатын.

«Семейде «Жылукоммунэнерго» коммуналдық кәсіпорнының берешегін өтеу мен жылумен жабдықтау объектілерін ұстауға бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінгенмен, одан еш нәтиже жоқ. Жекелеген сыйақылар үшін кәсіпорын директорлары жеке және заңды тұлғаларға осы орталықтың жылумен жабдықтау жүйесіне қосылуы үшін техникалық шарттар береді. Соның салдарынан қуат төмендеп, жылу шығыны артады. Ол көпқабатты үйлердегі суық және ыстық судың болмауына алып келген. Мұндай жағдай көп өңірде байқалып отыр», - деген еді превенция қызметінің басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама