Мәжіліс бұрын ҰҚК-да қызмет еткен екі депутаттың өкілеттігін тоқтатты
Аманжол Әлтай Мәжіліс депутаты ретінде халыққа ант берді
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Аманжол Әлтай депутат ретінде Қазақстан халқына ант берді. Ол палатаның әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамына сайланды
«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға ант етемін», - деді Ааманжол
Бұған дейін хабарланғандай, Саяси кеңес бюросының қаулысымен «AMANAT» партиясынан Мәжіліс депутатының бос мандатын партиялық тізім бойынша Аманжол Әлтайға беру туралы шешім қабылданды.
Одан бөлек, бұрын ҰҚК-да қызмет еткен екі депутаттың Мәжілістегі өкілеттігі тоқтатылды. Сергей Решетников пен Файзолла Қаменов Мәжілістегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтінішті өздері берген.
Сергей Решетников - Мәжілісте халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Ол 1996 - 2008 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінде түрлі қызмет атқарған.
2010 жылы Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметінде түрлі бағыттағы тактикалық-арнайы дайындық бойынша оқу процесін ұйымдастыру және жоспарлау мәселелері бойынша білім алған. Бірқатар оқу және әдістемелік оқу құралын дайындап, оларды ҰҚК «Арыстан» қызметінің ұрысқа дайындығына ендірген.
Файзолла Қаменов те 2013 - 2014 жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Арыстан» қызметін басқарған. 2021 жылы партиялық тізім бойынша Мәжіліс депутаты болып сайланды.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Дауылбаевтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды.