Ақтауда ыстық су беру уақытша шектелді
Облыс әкімі проблеманы шеше алмаған жауапты адамдарға сөгіс жарияланды
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қаланы жылу және ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді.
Кеңесте өңір басшысы МАЭК электр станциясының жұмысындағы ақауларды жою бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тұшыту қондырғысын жөндеуге байланысты ауыз судың қысымы төмендеген «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.
Жағдайға нақты талдау жасалуы керек. Сондықтан жауапты адамдарға МАЭК кәсіпорнының жұмысын күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Ыстық су беруді тоқтатудың себебі нақты неде екенін тұрғындар білуі керек. Тұрғындар артық сұрақ қойып, мазаны алмаса екен деп, «Ыстық суды бүгін береміз немесе ертең таңертең береміз» деп бос уәде берудің қажеті жоқ. Кез келген мәселеге атүсті қарамай, кешенді әрі жан-жақты қарастырған дұрыс. Бұл жағдай коммуналдық қызметтер мен уәкілетті органдардың жұмысындағы үйлестірудің нашарлығынан орын алып отыр, – деді Нұрлан Ноғаев.
Өңір басшысы облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаровқа, қала әкімі Ербол Ізбергеновке, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевқа, «МАЭК» ЖШС-нің бас директоры Талғат Есентүгеловке және оның орынбасары Мұрат Иғалиевке сөгіс жариялады.
30 қарашадан бастап Ақтауда ыстық суды пайдалану күрт өскен. Соңғы күндері ауа райының суытуына байланысты су қоймаларындағы ыстық су деңгейінің күрт азаюы байқалған.
Кәсіпорын басшылығы су қоймаларындағы су деңгейін төмендету туралы шешім қабылдаған. Сол себепті, Ақтауға ыстық су беруді шектегені айтылды.
Қаланы жылумен үзіліссіз қамту үшін ыстық су беруді уақытша шектеу туралы шешім қабылданды. Қазір мәселені шешу үшін барлық күш жұмылдырылған.