Жыл соңында Ұлытау облысының бюджеті қайта бөлінді

Динара Амантай

Шығыстардың өзгеруін өңір мәслихатының депутаттары кезектен тыс X сессияда бекітті

Фото: gov.kz

Жезқазғанда 2022 жылға арналған облыстық бюджет нақтыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шығыстардың өзгеруін Ұлытау облыстық мәслихатының депутаттары кезектен тыс X сессияда бекітті. Қаражат әлеуметтік салаға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына, сондай-ақ экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталады.

Қаржы басқармасының басшысы А.Сыздықова баяндама жасап, білім беру бойынша облыс мектептеріндегі 1-4 сынып оқушыларына тамақтану шығындары, сондай-ақ педагогтардың жалақысы қарастырылғанын атап өтті.

Сонымен қоса, қаражат өңірдің автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталады. 

Кеңеске қатысқан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өз кезегінде экономиканың нақты секторын дамытуға да ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.

Атап айтқанда, қайта бөлінген қаражаттан қызметі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолдауға және ынталандыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ инвесторлармен бірге экономиканың түрлі салаларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған өңірлік даму институты - «Ұлытау әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның жарғылық капиталы қалыптастырылатын болады.