Индустрия министрі Қазақстанда қауіпсіздігі төмен көліктер құрастырылмайтынын айтты

Дәурен Ерболат

Комплектациясы толық емес көліктер Ресей мен Беларусь елдерінде шығарылады

Фото @ Сергей МИРОНОВ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Қазақстанда ABS, қауіпсіздік жастығы жоқ көліктер шығарылады деген ақпаратқа қатысты түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Біз Еуразиялық экономикалық одаққа кіреміз және қандай да бір стандарттарды өзгерту жөніндегі барлық шешім одақ шеңберінде қабылданады. Өкінішке қарай, көрші елдерде автомобильдерді толық құрыстыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан олар (ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер – авт.) ақпанға дейін Еуразиялық экономикалық одақ аумағында өндіріс стандарттарын өзгертуді сұрады, мәселе комплектациясы толық емес көліктерге қатысты. Бұл тек Ресей мен Беларусь елдеріне байланысты», – деді Қайырбек Өскенбаев Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Министр Қазақстанда мұндай көліктер шығарылмайтынын және өндірілмейтінін атап өтті.

Біздің елімізде мұндай көліктер шығарылмайды. Шешім ақпанға дейін күшінде болады. Бұл Ресей мен Беларусьте шығарылатын көліктерге қатысты. Бұл мәселе қазір көліктер бұрынғы стандарттарға сәйкес келмеген көтеріліп отыр. Қазақстанда мұндай көліктер шығарылмайды, – деп сендірді ведомство басшысы.