×

ХПК шешімін өзгертті: Ресей мен Беларусь спортшыларының паралимпиадаға қатысуына тыйым салынды

Бірнеше ұлттық паралимпиада комитеті жарысқа қатыспайтынын айтып наразылық білдірген

 Ербол Тұрымбет 03.03.2022 | 14:26
көрнекі фото: news.sportbox.ru

Халықаралық паралимпиада комитеті шешімін өзгертіп, ресейлік және беларусь спортшыларына Бейжіңдегі паралимпиада ойындарына қатысуға тыйым салды. Бұл туралы ХПК баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сәрсенбі күні ХПК Ресей мен Беларусь спортшыларына ойынға бейтарап мәртебеде қатысуға рұқсат берді. Алайда ХПК алқасының арнайы шақырылған отырысынан кейін бұл шешім өзгертілді.

Соңғы 12 сағат ішінде бізге көптеген қатысушылар хабарласып, ойын ашық айтты. Олар бізге шешімімізді қайта қарастырмасақ, оның Бейжіңдегі паралимпиада ойындарына кері әсері тиюі мүмкін екенін айтты. Бірнеше ұлттық паралимпиада комитеті ондай жағдайда жарысқа қатыспайтынын айтып наразылық білдірді, - деді ХПК президенті Эндрю Парсонс.

Бейжіңдегі қысқы паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты 4 наурыз күні Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 22:00-де өтеді. Ашылу салтанатында пара шаңғы жарысынан әлем кубогінің қола жүлдегері Ербол Хамитов Қазақстан паралимпиадалық құрамасының туын ұстап шығады.

Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарында қазақстандықтар екі спорт түрінен сынға түседі. Олар пара шаңғы жарысы мен пара биатлонда бақ сынайды. Команда құрамына бес спортшы кірген. Олар - Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин мен Денис Петренко.

28 ақпанда Халықаралық Олимпиада комитеті халықаралық спорт федерацияларына Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Ресей және Беларусь спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысуына жол бермеуді ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама