×

Өңірлерде кәсіпкерлікті жаппай дамытса, мемлекет те мықты болады – Исламбек Салжанов

Кәсіпкер кезектен тыс президент сайлауына орай ұйымдастырылған онлайн марафонға қатысты

 Халық үні 20.11.2022 | 14:17
Фото: Halyq Uni

«Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов кезектен тыс президент сайлауына байланысты ұйымдастырылған онлайн марафонға қатысты. 

Ол еліміздегі кәсіпкерлердің рөліне тоқталып, мемлекет мықты болуы үшін не істеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

«Қарапайым халыққа ең алдымен не керек? Тұрақты жұмыс қажет. Ал ол тұрақты жұмысты кәсіпкерлер береді. Қазақ еліне шетелдік инвестиция тартатын, жаңа технологияны әкелетін кімдер? Олар да кәсіпкерлер. Қазақстан бюджетіне салық төлейтін де кәсіпкерлер. Әр өңірде кәсіпкерлікті жақсы дамытсақ, өңірлер мықты болады. Мықты өңір болса, мықты мемлекет болады. Сонда мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешетін қаражаты болады», - дейді Исламбек Салжанов.

Айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресті нығайту қажет.

«Мемлекет мықты болуы үшін не істеу керек? 30 жылда кәсіпкерлердің барлығына мүмкіндік тең болған жоқ. Олигополия және монополия болды. Соның тамырынан шауып, жою керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресті нығайтып, оны да жою керек. Кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын әділ сот болуы керек», - деді Салжанов.

Айта кетейік, 20 қарашада Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. 

Қазақстандықтар 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін дауыс бере алады. Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 10 101. Республика бойынша 86 учаске 06:00-де ашылады. Шетелдегі қазақстандықтар үшін 53 елде 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Сайлаушылардың жалпы саны – 11 950 485 адам. Сағат 14:00-дегі ақпарат бойынша республиканың 6 113 621 азаматы бюллетень алды. бұл сайлаушылардың 51,16 пайызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама