Петропавлда жарылыс кезінде зардап шеккендердің жағдайы хабарланды

Самат Жақып

Тоғыз адам жарақат алды, оның төртеуі үйіне жіберілді

Фото: СҚО ТЖД

Петропавлда газдың жарылу салдарынан зардап шеккен науқастардың жағдайы хабарланды.

Қазір бес науқас қалалық көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның ішінде төрт адам травматология бөліміне, бір адам жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылған.

Дәрігерлер бес адамның да жағдайын орташа ауыр деп бағалаған. Олардың денесінің 10 пайызын күйік шалған.

Тағы төрт адам дәрігердің қабылдауында болғаннан кейін үйіне жіберілді.

«Қазір ауруханаға жатқызылған науқастар тұрақты түрде ем қабылдап жатыр. Ем-дом шараларынан кейін денсаулығын бақылаймыз. Себебі алған жарақаты өздігінен жазылмауы да мүмкін. Онда мұндай науқастарға операция жасаймыз», - деді қалалық көпбейінді аурухананың жарақат пункітінің меңгерушісі Валерий Грибашов.

Айта кетейік, 16 қарашада Солтүстік Қазақстан облысы орталығында техникалық көлік жөндеу станциясында көліктің газ баллоны жарылған.

Салдарынан 50, 46, 44, 33, 31, 30 және 26 жастағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Газ баллоны жарылғаннан кейін шыққан өрт 100 шаршы метр аумаққа жайылды.

Салдарынан ғимарат қабырғасы опырылып, 10 көлік зақымданды.

Аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 204-бабының 2-бөлігі «Бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру» бойынша іс қозғалып, полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.