Салдарынан 1 адам зардап шекті
Алматыда автобус пен троллейбус соқтығысып, 20 жастағы қыз зардап шекті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріповтің айтуынша, жол апаты бүгін сағат 14:20 шамасында Жандосов көшесі бойында болған.
«Yutong» маркалы автобустың жүргізушісі Жандосов көшесімен батыс бағытта келе жатып, арақашықтықты сақтамау салдарынан алдында келе жатқан троллейбусты соққан. Жол апаты салдарынан автобус жолаушысы – 2002 жылы туған қыз дене жарақатын алды. Оған медициналық көмек көрсетілді, - деді Олжас Шәріпов.
Аталған материалды Әуезов аудандық полиция басқармасы өндіріске қабылдады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыда екі автобус соқтығысып, соның салдарынан 1 адам көз жұмып, 15 адам зардап шеккенін хабарлаған болатынбыз. Аталған жол апатына қатысы бар жүргізуші қамауға алынды.