×

Түрмедегі кісі өлімі: облыстық департамент басшысы қызметінен босатылды

Рустан Ахметжанов қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы қызметін 2020 жылдан бастап атқарды

 Самат Жақып 17.11.2022 | 11:31
Фото: видеодан скриншот

Солтүстік Қазақстан облысында қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы Рустан Ахметжанов қызметінен босатылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов облысқа жасаған сапары барысында мәлімдеді.

Айта кетейік, 10 қарашада Айыртау ауданына қарасты Новоyкраинка ауылында орналасқан №51 РММ төтенше қауіпсіз мекемесінде 1994 және 1976 жылы туған сотталғандар арасында жанжал туып, бірі қайтыс болды.

Осы жағдайға байланысты министр пікір білдірді.

«Өкінішке қарай бас бостандығынан айырылған азаматтар жазасын өтеп жатқан мекемеде адам қайтыс болды. Осы жағдайға байланысты ауқымды қызметтік тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысы қызметінен босатылды. Бүгін оның орнына басшы қызметін уақытқа атқаратын адамды тағайындадым. Бұл қызметті тәжірибесі мол Берік Біләлов атқарады», - деді министр Марат Ахметжанов.

Істің мән-жайын тергеушілер анықтап жатыр.

Берік Біләлов 1963 жылы туған. Әр жылдары Солтүсік Қазақстан облысы, Ақмола облысы полиция департаменті басшысының қызметін атқарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама